Mercedes, Toyota, Hyundai: «Самұрық-Қазына» басшылары қандай көлік мініп жүр

Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басшыларды көлікпен қамтамасыз етуге жылына 100 млн теңге жұмсайды. Корпорацияның Әлеуметтік саясат, корпоративтік басқару және әкімшілік қамтамасыз ету департаменті Kazinform сауалына осындай мәліметпен жауап берді.

Мәселе қайдан шықты?

Бүгін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының сатып алу саясатына жауапты басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп, Еуропа қайта құру және даму банкінің стандартына негізделген сатып алу жүйесі отандық өндірушілерді қалай қолдап жатқаны туралы мәлімет ұсынған.

Kazinform тілшісі қарапайым қазақстандықтар утильалым, көлікті алғашқы тіркеу, кедендік рәсімдеу төлемдерін төлеу арқылы отандық автоөндіріске қалай қолдау көрсетіп отырғанын ескеріп, қордың бұл бағытта қандай саясат ұстанатынын сұрады.

Нақты айтсақ: «Самұрық-Қазына» қорының меншігінде неше қызметтік көлік бар? Оның неше пайызы Қазақстанда құрастырылған?» - деген сұрақтар қойылды. Қордың сатып алу саясатына жауапты басшылардың ешбірі бұл сұраққа сол сәтте жауап бере алмай, кейін жазбаша мәлімет ұсынуға уәде берді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

6 көлік жалдауға жылына 100 млн теңге 

Жауапта айтылған ақпаратқа сенсек, қор COVID-19 пандемиясы кезіндегі үнемдеу шараларынан кейін қызметтік көліктен түгел бас тартқан. Оның орнына көлікті сырттан жалға алып пайдаланады.

- Қор жалға алып отырған автокөліктердің орташа «жасы» – 5–6 жыл. 2024 жылы жүргізушілері бар 6 автокөлікті жалға алу үшін қор 98,5 млн теңге (қосылған құн салығын қоса алғанда) жұмсады. 2025 жылы жүргізушілері бар 6 автокөлікті жалға алуға 105 млн теңге (ҚҚС қоса алғанда) жұмсау жоспарланып отыр, - деп жазылған мәліметте.

Жауаптағы мәлімет бойынша жалға алынып отырған 6 көліктің біреуін – Қордың басқарма төрағасы (Нұрлан Жақыпов – ред.), екеуін – Қордың тәуелсіз директорлары мінеді. Айта кету керек, қордың ресми сайтындағы мәліметте тәуелсіз директорлардың саны төртеу - Вонг Хэн Файн, Жәмішев Болат Бидахметұлы, Сутера Лука, Мұхаммед Жәмил әл Рамахи.

- Қалған 3 көлік – кезекші көлік ретінде шаруашылық қызмет көрсетуге арналған, - деп жазады Қор департаментінің мамандары.

Ресми жауапта жалға алынып отырған көліктің маркалары да көрсетілген. Алайда қай басшы соның қайсысын тізгіндейтіні нақтыланбаған. Олар:

  • Mercedes-Benz
  • Toyota Camry
  • Hyundai Sonata

Еске салсақ, 2024 жылғы бюджеттің атқарылуын талқылауға арналған отырыста Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тауарлар мен қызметтердің 60 пайызын бір көзден сатып алғанын келтіріп, Қорды таратып жіберуді ұсынған болатын.