Металдарды қайта өңдеу Қазақстан экономикасы өсімінің негізіне айналады — сарапшылар

АСТАНА. KAZINFORM — Пайдалы қазбаларды шикізат күйінде сатудан гөрі, оларды өңдеу моделіне көшу MINEX Kazakhstan форумында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі болды. Жиында сарапшылар экономикаға құрылымдық өзгерістер қажет екені жөнінде пікір білдірді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Әсіресе, мыс, полиметалл және сирек металдарды өңдеуді дамыту басым бағыт ретінде қарастырылады. Дегенмен, негізгі мақсат — жекелеген жобаларды жүзеге асыру емес, салада ауқымды өзгеріс жасау.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Металл өңдеуді жолға қойсақ, экономиканың құрылымы түгелдей трансформацияланады. Жаңа өндірістер ашылады, жеткізу тізбектері қалыптасады, жұмыс орындары құрылады, технологиялық деңгей өседі, — деді Advantix компаниясының басқарушы директоры және MINEX Forum-ның төрағасы Артур Поляков.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сонымен қатар, оның сөзінше, негізгі мәселе — инвестиция және технологияларды тарту.

— Зауыттар салумен ғана іс бітпейді. Инвесторға да жағдай жасау керек. Оған өндіріс орнының қалай жұмыс істейтіні, қаржы салымдарының қалай қорғалатыны, жобаның экономикасы қандай болатыны түсінікті болуы керек. Бұл — заңнамадан бастап технологияларға дейін қамтылуы тиіс кешенді міндет, — деді Поляков.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Демек, қайта өңдеу мәселесі — тек салалық жұмыс емес, Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық міндет. Өйткені, бұл сектор елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қайта өңдеуге жарамды 56 млрд тонна металлургия қалдығы бар екені жөнінде жазғанбыз.