Mezzo тобы Батырдың әндерінен попурри орындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Mezzo тобы Батырхан Шүкеновтың әндерінен попурри орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар! Өзіміздің игі дәстүрімізге сай Жаңа жыл қарсаңында сіздерге жаңа попурриімізді ұсынғанымызға қуаныштымыз. Бұл жолы біз сүйікті әнші, ұлы музыкант және қазақ халқының нағыз ұлы Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы әндерді орындадық. Біз Батырдың музыкасы ойнап, әндері шырқалған  уақытта оның тірі боларына сенімдіміз. Мәңгілік құрмет», - деп жазды музыканттар.

9 минуттық видеода топ сүйікті әншілерінің «Твои шаги», «Певица и саксофон», «Ғашық бола ма осылай?», «Сағым дүние», «Я тебя рисую», «Немного слез твоих», «Дождь», «Отан-Ана», «Нелюбимая», «Джулия» сынды хитке айналған әндерін орындайды.

Батырхан Шүкенов 2015 жылдың сәуір айының соңғы күндерінде 53 жасында өмірден озған еді.

 

Mezzo вокалдық тобы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып "I will always love you" әнін орындап, дауыстарының керемет қуатын көрсетті. Классикалық кроссовер бағытында жұмыс жасайтын квартет талантымен өз тыңдармандарын таң қалдырды. Mezzo тобы 2012 жылы құрылған. Оның репертуарында әлемнің әр түрлі тілдерінде, сондай-ақ Андреа Бочелли, Il Divo, Джош Гробан, Алессандро Сафина, Элтон Джон, Элвис Пресли, Фрэнк Синатра сияқты орындаушылардың әндеріне каверлер және авторлық әндер бар. 2012 жылы Mezzo тобы «Жыл жаңалығы» номинациясында «Алтын Адам» сыйлығымен марапатталды.