МХҚКО: Алматыда 15 мыңға жуық азамат жеке менеджерге жүгінген

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке менеджер қызметін қолданатындар көбейген.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Жыл басынан бері бұл қызмет түрін пайдалануға 15 мыңға жуық қала тұрғыны жүгінген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы хабарлады.

— Жеке менеджер қызметі — азаматтарға мемлекеттік қызметтерді басымдықпен және жедел алу мүмкіндігін ұсынатын тиімді сервис. Ол барлық рәсімдеу кезеңінде жеке сүйемелдеу көрсетіп, құжаттарды жинау мен тапсыру процесін толықтай жеңілдетеді, — деп түсіндірді мемлекеттік корпорация филиалы.

Менеджерге жүгіну үшін азаматтар МХҚКО-ның қабылдау бөліміне өтініш білдіруі қажет. Мамандар келушілерді кезектен тыс қабылдап, көлік құралдарын тіркеу, қайта тіркеу, есепке қою және есептен шығару, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алу бойынша құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.

— Жеке менеджер қызмет алушымен келісімшарт жасасып, қажетті құжаттарды рәсімдейді және оларды уәкілетті мемлекеттік органға белгіленген тәртіппен жолдайды. Қызмет құны — 6306 теңге, — деп хабарлады Алматы филиалы.

Қазіргі таңда жеке менеджерлер Алматы қаласындағы барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейді.

Еске салайық, 1 сәуірден бастап бірқатар өңірде кезекші ХҚКО-лардың мекенжайы өзгерді.