Ауқымды шара Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы — Ректор Жансейіт Түймебаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, медициналық орталықтардың өкілдері, отандық және шетелдік серіктестер қатысты.
Институт 2018 жылы құрылған ҚазҰУ-дың Когнитивтік нейроғылым орталығы негізінде ашылды. Бұл ми қызметін зерттеу мен жаңа буын мамандарын даярлау бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесі. Зерттеулер әлемдік деңгейдегі заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізіледі. Олардың қатарында 3 Тесла магниттік-резонанстық томографы, ANT Neuro жоғары тығыздықтағы ЭЭГ жүйелері, функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия (fNIRS) технологиялары, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау әдістері бар.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.
— Ғылыми-технологиялық әлеуетті арттыру, пәнаралық зерттеулерді күшейту және инновацияларды өндіріске енгізу — ғылыми-білім беру қауымдастығының басты міндеттері. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл бағыттағы бастамаларды әрдайым қолдап келеді. Ми институтының ашылуы — мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі, — деді ректор.
Өз кезегінде ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа институттың отандық ғылым үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, университет пен Ғылым академиясы арасындағы табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі әрі елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
Профессор Әлмира Құстыбаева жетекшілік ететін институт когнитивтік, мінез-құлықтық, есептеу нейроғылымы және нейролингвистика зертханаларын біріктіреді. Институт қызметінің негізгі бағыттары қатарында мидың қалыпты және патологиялық дамуын зерттеу, когнитивтік функцияларды талдау, нейродегенеративті ауруларды зерделеу, эмоциялар мен шешім қабылдау тетіктерін анықтау, көптілділіктің нейролингвистикалық ерекшеліктерін зерттеу, сондай-ақ жаңа диагностикалық және болжамдық биомаркерлер әзірлеу бар.
Айта кетелік Alaqan Mektep: оқушылардың биометриялық деректері қалай қорғалатыны туралы жазған едік.