Бұл – Испания корольдік отбасы өкілдерінің Солтүстік Африкадағы аталған анклавқа 2007 жылдан бергі алғашқы жоғары деңгейдегі сапары. Ол кезде Сеута мен Мелильяға VI Филипптің әкесі, бұрынғы король Хуан Карлос барған болатын.
Король мен патшайымды қала көшелерінде мыңдаған тұрғын Испания туы мен гүл ұстап қарсы алды. Алайда жиналғандардың арасында «Сеутаға қорғаныс қажет!» деген жазуы бар жейде киген азаматтар да болды.
Биыл жазда Мароккодан Сеутаға заңсыз өтуге тырысқан мигранттар саны 70 мыңнан асқан. Дағдарыс кезінде 140-тан астам мигрант қаза тапқан.
Корольдік жұп қаза тапқандарды еске алып, мұсылман зиратына барды.
Миграциялық дағдарысты еңсеру үшін Испания билігі әскерді жұмылдыруға мәжбүр болған. Осы кезеңде қалада тонау, зорлау және жаппай тәртіпсіздік оқиғалары күрт көбейгені хабарланды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Сеутадағы жағдайды әлі толық тұрақтандыру мүмкін болмай отыр.
Кейін Испания мен Марокко билігі заңсыз келген мигранттардың басым бөлігін елдеріне қайтару жөнінде келісімге қол жеткізді. Алайда дағдарыс екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етті.
Марокко Сеута мен Испанияның тағы бір анклавы Мелильяға қатысты егемендік талабын сақтап отыр.
Сеута билігі өткен жазды қаланың жаңа тарихындағы ең күрделі кезең деп бағалады.
Сапар барысында VI Филипп жергілікті билікке қолдау білдіріп, дағдарыс салдарын еңсеру ісіне Испания мемлекетінің ерекше мән беретінін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Испанияның Сеута қаласында шекараны заңсыз кесіп өткен шамамен 13 мың мигрант қалып қойғаны хабарланған болатын. Олардың 2,1 мыңға жуығы кәмелетке толмағандар екені айтылған.