Михаил Кукушкин Франциядағы жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 111-ракеткасы Михаил Кукушкин Брессюир (Франция) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 256-орында тұрған литвалық Эдас Бутвиласпен өткізді.
Бірінші партияда Кукушкин 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Бутвилас дәл сондай есеппен есе қайырды.
Шешуші, үшінші сетте қазақстандық спортшы тай-брейкте таразы басын өзіне аудара алды – 7:6 (7:3).
Екі сағат 44 минутқа созылған тартысты бәсекеде Кукушкин 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Бутвилас 11 эйс, 2 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін әлемнің 156-ракеткасы, франциялық Грегуар Баррер немесе рейтингіде 195-сатыдағы испаниялық Карлос Табернердің қай жеңгенімен таласады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Александр Бублик жекелей сында бүгін Базель (Швейцария) ATP 500 додасында алғашқы матчын өткізеді. Оның қарсыласы – рейтингіде 67-орындағы нидерландылық Ботик ван де Зандсхулп.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматы турнирінде ширек финалға дейін жеткен Жұқаевтың рейтингіде 184-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.