Алматы турнирінде ширек финалға дейін жеткен Жұқаев рейтингіде 184-орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисшілердің орны анықталды.

Өткен аптада жарақатына байланысты Алматы ATP 250 турниріне қатыса алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 28-ден 32-ге ығысты.
Есесіне осы жарыста ширек финалға дейін жетіп, кейін чемпион атанған ресейлік Карен Хачановқа жол берген 24 жастағы Бейбіт Жұқаев 213-тен 184-орынға көтерілді. Қазіргі кезде Бейбіт өзінің рейтингідегі үздік көрсеткішіне (171) жақын тұр.
Александр Шевченко 61-ден 59-ға жоғарыласа, Михаил Кукушкин 111-де қалды. Дмитрий Попко 173-тен 175-ке, Тимофей Скатов 192-ден 194-ке сырғыды.
ТОП-3-те өзгеріс жоқ: Янник Синнер (Италия), Карлос Алькарас (Испания) және Александр Зверев (Германия).
Жұптық сында испаниялық Марсель Гранольерс, аргентиналық Орасио Себальос, хорватиялық Мате Павич үздік үштікте тұр.
Қазақстандықтардан өткен аптада Антверпен (Бельгия) ATP 250 додасының финалына дейін жеткен Александр Недовесов 57-ден 55-ке ауысса, А.Бублик 114-тен 116-ға түсіп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың әлемдік рейтингіде бірден 109-орынға жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.