АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 133-ракеткасы Михаил Кукушкин Брауншвейг (Германия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 152-ракеткасы, аустриялық Юрий Родионовпен кездесті.
Бірінші партияда 6:3 есебімен Родионов басым түскенімен, одан кейін Кукушкин камбэк жасай білді – 7:5, 6:3. Екі сағат 25 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Кукушкин 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Родионов 5 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін әлемнің 106-ыншы, осы жарыстың 8-ракеткасы, чилилік Кристиан Гаринмен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 164-ракеткасы Денис Евсеев күтпеген жерден рейтингіде 390-орындағы испаниялық Карлос Санчес Ховерден жеңіліп қалды – 1:6, 6:2, 4:6. Бұл ойын 1 сағат 40 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның ширек финалға жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).