АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы Михаил Кукушкин Тенерифе (Испания) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстан теннисінің ардагері аталмыш жарысты іріктеу сайыстарынан бастап, онда қос бірдей қарсыласын ұтқан еді.
Негізгі додада М.Кукушкин алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 200-орында тұрған италиялық Франко Агаменонемен шеберлік байқасты.
Қазақстандық спортшы екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта қарсыласын 7:6 (7:3), 6:3 есебімен қапы қалдырды. Ол 2 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Ф.Агаменоне 1 эйс, 2 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Михаил Кукушкин ширек финалға өту үшін рейтингіде 231-сатыдағы болгариялық Димитар Кузмановпен таласады.
Тенерифеде қатарынан үш жеңіске қол жеткізген қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live 160-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бублик Дубай АТР 500 турнирінің екінші айналымына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).