ЛОНДОН. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 132-ракеткасы Михаил Кукушкин көгал төсенішіндегі Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Іріктеу додасында 27-ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 278-орында тұрған украиналық Виталий Сачкомен өткізді.
Екі сетте де 6:3 есебі тіркеліп, 1 сағат 15 минутқа созылған матчта Кукушкин жеңіске жетті. Ол 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Сачко 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Михаил Кукушкин іріктеу жарысының жартылай финалында әлемнің 152-ракеткасы, франциялық Бенджамин Бонзи немесе рейтингіде 266-сатыдағы америкалық Райан Пенистонның қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық төрт теннисшінің Уимблдон турнирінің іріктеу сатысында бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).