Қазақстандық төрт теннисші Уимблдон турнирінің іріктеу сатысында бақ сынайды

Қазақстандық төрт теннисші Уимблдон турнирінің іріктеу сатысында бақ сынайды
Фото: ҚТФ

ЛОНДОН. KAZINFORM – Бүгін Лондонда Уимблдон турнирінің іріктеу сайыстары басталады.

Жылдың үшінші «Үлкен дулыға» жарысының іріктеу сатысында төрт бірдей қазақстандық теннисші бақ сынайды.

Әлемнің 132-ракеткасы Михаил Кукушкин іріктеудің ширек финалында рейтингіде 278-орында тұрған украиналық Виталий Сачкодан өтуге тырысады.

Әлемнің 163-ракеткасы Денис Евсеевтің қарсыласы – рейтингіде 171-сатыдағы франциялық Маттео Мартино.

Рейтингіде 208-орындағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 154-ракеткасы, аустралиялық Юрий Родионовпен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, 229-орындағы Тимофей Скатов әлемнің 158-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриномен сынға түседі.

Германиядағы Галле ATP 500 турнирінде өткен жылғы ұпайын қорғай алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бүгін жаңартылған рейтингіде 17-орыннан 23-ке сырғыды. Осы аптада ол Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 жарысында 3-ракетка болып тіркелгендіктен, доданы екінші айналымнан бастайды.

Дүниежүзілік рейтингіде 58-орнын сақтап қалған Александр Шевченко Мальорка (Испания) ATP 250 турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 91-сатыдағы франциялық Констан Лестьенмен ойнайды.

А.Бублик те, А.Шевченко да Уимблдонда негізгі жарысқа қатысады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның алғаш рет Ұлыбританиядағы турнирде топ жарғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева әлемдік рейтингіде 34-орынға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар