Мәселе мультимедиалық жүйенің бағдарламалық жасақтамасындағы ақауға байланысты. Ол көлік артқа қозғалған кезде камерадан түсетін бейненің экранда дұрыс көрсетілуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Кері қайтару науқаны АҚШ-та шамамен 848 мың, Канадада 83 мың, Мексикада 8 мың және Солтүстік Америкадан тыс нарықтарда тағы 15 мыңға жуық көлікті қамтиды.
Олардың арасында 2026 және 2027 модельдік жылдардағы Chrysler Pacifica, Pacifica Plug-in Hybrid және Voyager, Dodge Charger, Jeep Cherokee, Compass, Gladiator, Grand Cherokee, Grand Wagoneer және Wrangler, сондай-ақ Ram модельдері бар.
Stellantis ақауды бағдарламалық жасақтаманы қашықтан жаңарту (over-the-air) арқылы жоюды жоспарлап отыр. Компанияның мәліметінше, әзірге осы ақауға байланысты жол-көлік оқиғалары немесе зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.
Бұл Stellantis көліктеріндегі артқы көрініс камерасына қатысты алғашқы жағдай емес. 2024 жылғы маусымда концерн Солтүстік Америкада осыған ұқсас бағдарламалық ақауға байланысты шамамен 1,16 млн көлігін кері қайтарған еді. Оның 1,03 миллионы АҚШ-та, тағы 126 мыңы Канадада тіркелген.
Ол кезде де Dodge Durango, Chrysler Pacifica, Jeep Grand Cherokee, Ram және Wagoneer секілді модельдер қамтылып, мәселе бағдарламалық жасақтаманы жаңарту арқылы шешілген.
Компанияның соңғы есебіне сәйкес, 2025 жылы Stellantis шамамен 13,4 млн көлігін түрлі ақауларға байланысты кері қайтарған. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы бұл көрсеткіш 7,3 млн көлік болған.
Айта кетейік, биыл Kia өрт шығу қаупіне байланысты 460 мыңнан астам көлігін АҚШ-қа қайтарғанын жаздық.
Ал Ford 255 мыңнан астам Focus көлігін кері қайтаруға мәжбүр болып отырғанын жазған едік.
Сондай-ақ биыл ақпан айында Chrysler тіркемедегі ақауларға байланысты көліктерін кері қайтарып жатқаны хабарланды.