Chrysler тіркемедегі ақауларға байланысты көліктерін кері қайтарып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Chrysler компаниясы тіркемені сүйреу модульдерінде болуы мүмкін ақауларға байланысты 450 мыңнан астам автокөлікті кері қайтарып алатынын мәлімдеді. Бұл туралы CBS News жазды.

Chrysler
Фото: Pixabay

АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық басқармасының (NHTSA) мәліметінше, конструкциялық кемшіліктер салдарынан тіркеменің жарық шамдары жұмыс істемей қалуы және оның тежегіш жүйесі істен шығуы мүмкін.

Кері қайтарып алу науқанына 2024–2026 жылдары шығарылған Jeep Wagoneer S модельдері, сондай-ақ 2025–2026 модельдік жылдарға жататын Ram 1500, 2500, 3500 автокөліктері, оның ішінде Cab Chassis нұсқалары да кірді. Сонымен қатар тізімге 2026 жылы шығарылған Jeep Cherokee моделі енгізілген.

NHTSA өкілдері Chrysler дилерлері ақаулы тіркемені басқару модулін тегін ауыстыратынын нақтылады. Автокөлік иелеріне ресми хабарламалар 24 наурызда жіберіледі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ федералдық агенттік Mopar маркалы кейбір тіркемені сүйреу модульдерін де кері қайтарып алу туралы хабарлады, өйткені оларда да осындай ақаулар болуы мүмкін. Егер мұндай модуль автокөлікке орнатылған болса, дилерлер оны тегін ауыстырады, ал егер орнатылмаған болса — модульді иелерінен сатып алады. Бұл бағдарлама бойынша хабарламаларды 2026 жылғы 24 наурызда жіберу жоспарланған.

Бұған дейін Nissan компаниясы есік шектеуіштерінің сапасыз дәнекерленуіне байланысты 26 432 автокөлікті кері қайтарып алатыны хабарланған болатын. Аталған ақау жол-көлік оқиғалары мен жарақат алу қаупін арттыруы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар