Мыңдаған адам Қызылорда көшелерінде ұлттық киіммен жүрді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жалпыұлттық «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында Ұлттық киім күні Қызылорда қаласында мазмұнды мәдени оқиғамен айшықталды.
ала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ұлттық рухтағы шеру Ы.Жақаев көшесінен басталып, Өнер арбаты арқылы орталық алаңға дейін созылды.
«Ұлт мұрасы – ұлттық киім» атты шеруге мыңға жуық адам қатысып, ұлттық болмыс пен дәстүр сабақтастығын айшықтай түсті.
Шеруді мәдениет саласының бір топ үздігі мен руханият жанашыры, «Сырлы саз» этно-фольклорлық ансамблі бастап жүрді. Қазақы үлгіде киінген өнерпаздар халық әндерін әуелете шырқап, Өнер арбатындағы сахнаға ерекше сән-салтанатпен жетті. Бұл көрініс көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлап, Наурыз мерекесінің шынайы рухын сезіндірді.
Белгіленген орынға жиналған соң оқу орындарының студенттері ұлттық би өнерінің жауһары – «Қаражорға» биін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ал «Күміс домбыра – 2025» байқауының иегері Бексұлтан Орынбасар сахна төрінде жүрекжарды арнауын ұсынды.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев сөз алып, қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Ауқымды шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеу, ұлттық киім үлгілерін кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру, – делінген хабарламада.
Мерекелік шеру қала өнерпаздарының ән шашуымен жалғасты.
Ал Көкшетау қаласында 27 мектептің 1500 оқушысы бір мезетте «Бес асық» ұлттық ойынына қатысты.