2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Мыңға жуық апатты лифті бар: жаңарту жұмыстарына кімдер жауапты

АСТАНА.KAZINFORM — Ел аумағындағы лифтілерді ауыстыру және жөндеудің жол картасы бекітілді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлім етті.

Фото: Артем Викторов / Kazinform

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде (тұрғын үйлер, білім беру және медициналық мекемелер, сауда орталықтары және т. б.) лифт шаруашылығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

— Облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері авариялық жағдайдағы және 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан лифтілерді ауыстыру әрі күрделі жөндеу бойынша мерзімдері мен қаржыландыру көздері көрсетілген жол карталарын бекітті. Бүгінде әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, тұрғын үй қорында 37 918 лифт бар. Оның ішінде 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан 3 797 лифт тіркелді, ал техникалық қызмет көрсету аясында 1 924 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ 922 лифт апатты жағдайда. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2019 жылдан бастап 2 742 лифт ауыстырылды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, тұрғын үй заңнамасының нормаларына сәйкес, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, оның ішінде лифтілерді ауыстыру немесе күрделі жөндеу пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің көпшілік даусымен қабылданған хаттамалық шешім негізінде жүргізіледі.

Осыған байланысты, тұрғын үй қорының жай-күйін тиісті деңгейде ұстау мақсатында, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу қағидаларына (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 246 бұйрығы) сәйкес, өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен ортақ мүлікке, оның ішінде лифт жабдықтарын жөндеуге және ауыстыруға 7 жыл мерзімге 1% мөлшерлемемен бюджеттік кредит беріледі. Бұл қаражат кондоминиум объектісі меншік иелерінен 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде қайтарымды негізде өтеледі.

Бұған дейін хабарланғандай, жыл басында пайдаланылғанына 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру және жөндеу жол картасы әзірленетінін жазған едік.