Мектеп түлектері білім ордасының бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Олар өз шағымдарын жеткізу үшін ұлттық мектепке арнайы барып, БАҚ өкілдерімен тілдесті.
Түлектердің айтуынша, шілде айының басында білім ордасының директоры қызметінен кеткеннен кейін жаңа басшысы тағайындалмаған. Сондай-ақ директор орынбасарларының орындары бос тұрған. Жаңа оқу жылын ұлттық мектеп басшылық құрамсыз бастаған. Соның салдарынан мектепте не оқу бағдарламасы не сабақ кестесі бекітілмеген. Биыл көктемде қолданысқа берілген мектептің аумағында жасыл желек күтімсіз қалып, сарғайып кеткен.
— Мен бұл мектеппен 6-7 жылдай тығыз байланыстамын. Өйткені түлек ретінде әрдайым қолдау көрсетіп тұрамыз. Бірақ кейінгі 5 жылдың ішінде 4 директор ауысты. Министр ауысса, бұл жерде директор ауысады. Мектептен байланыс орнатып, енді бірдеңе істейміз дегенде жұмысымыз зая кетеді. Қайтадан басқа кісі келеді, — деді мектеп түлегі Рауан Оқас.
Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігі мектептегі қаржылық бұзушылықтар туралы жариялаған ақпаратта бұрмалау бар екенін айтты.
— 10,8 млрд теңгеге бұзушылықтар туралы хабарламадан мұнда бәрі ақша жымқырып отқандай ой қалыптасты. Негізінен бұл — мектеп жері мен нысандары балансқа өтпеуі ғана болатын. Ұлттық мектепке күйе жағу кімге қажет болды? Осындай ақпараттың салдарынан оқуға түсіп тұрған 30-ға жуық бала келмей қалды. Өйткені ата-ана баласы үшін алаңдады. Ұлттық статусы бар мектепке дұрыс көңіл аудару керек, — деді ол.
Мектепке түлектермен бірге келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз Орынша Қарабалина мектеп төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылығын білдірді.
— Осы мектепте 40 жылдай сабақ бердім. Бұл жерден Кеңес Дүйсекеев, Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтер шыққан. Мұндай мектепке директор болмай жатыр. Оны мен түсінбедім. Шынында кейінгі кезде бірнеше директор бірінен кейін бірі ауысты. Оның себебі қандай? — деді ұстаз.
Мектепке алдында жиналған топпен Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов кездесіп, қалыптасқан жағдайға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір білім ордасында оқу процесі бәрі тұрақты түрде жүріп жатыр. Директордың оқу істері жөніндегі орынбасары кеше тағайындалған. Өзге орынбасарлары мен директор алдағы уақытта тағайындалатын болады.
— Алдыңғы директор қызметінен кеткен кезде оның қызметін міндетін атқарушы ретінде орынбасары алды. Жазда мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданды. Ол бойынша ведомстваға қарасты ұйымдардың басшылары конкурс арқылы арнайы талаптарға сәйкес тағайындалады. Бірақ бұл талаптар әлі бекітілген жоқ. Сондықтан қазірге дейін директор тағайындау бойынша конкурс өткізілмеді, — деді ол.
Вице-министр білім ордасының төңірегіндегі барлық мәселе екі апта ішінде шешілетінін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай Оқу-ағарту министрдің тікелей бақылауында.
Одан бөлек Жайық Шарабасов 10 млрд теңге бұзушылықтар туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
— Мұндағы 10 млрд теңге — бұл мектептің құны. Нысан пайдалануға берілген кезде мектеп басшылығы оны балансқа қабылдау қажет еді. Алайда алдыңғы директор оны қабылдамаған. Сондықтан қазір жасыл желек қурап қалған, автосуару жүйесі жұмыс істемейді. Министрлік тарапынан аудит келгеннен кейін ғана ол балансқа қабылданды, — деді вице-министр.
Еске салайық, кеше Оқу-ағарту министрлігі «Абай ұлттық мектебіндегі» жағдайға түсініктеме берді.