Министр энергетикалық бақылаушылардың штат санын көбейтуді сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында энергетикалық бақылайтын органның штат санын көбейту туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік энергетикалық бақылау жөніндегі органның штат санын көбейтпесе, мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тиісті нәтиже бермейтінін атап өткен жөн. Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің 20 аумақтық департаментінде 3 қызметкер - мемлекеттік техникалық инспектор жұмыс істейді», - деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, бұл электр қондырғыларының пайдаланылуы мен жұмыс қауіпсіздігін толық және сапалы бақылау үшін жеткіліксіз.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде, жұмыстың ауқымды көлемін ескере отырып, мемлекеттің атом энергиясы мен электр энергиясы саласындағы бақылауды жоғалтуына жол бермеу мақсатында комитеттің аумақтық департаменттері персоналының штат санын ұлғайту ұсынылады», - деді ыедомство басшысы.