Министр мектеп бітіру кештері туралы: қоғам шектен тыс даңғазаға жол бермеуді сұрап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мектеп бітіру кештерінің дарақылыққа айналуы мәселесіне қатысты Оқу-ағарту министрлігі шектеу шараларын енгізді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Министрдің айтуынша, осы жылдың мамыр айында ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнайы бұйрық қабылдаған.

– Аталған бұйрықта бітіру кештерін мектептен тыс, мейрамханаларда және басқа да орындарда өткізуге тыйым салынды. Сонымен қатар ата-аналардан қаражат жинауға да тыйым енгізілді, – деді ол.

Спикер әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларға да тоқталды.

– Алматы қаласындағы бейнежазбаларды көріп отырсыздар. Жалпы әкімдіктер мен жергілікті ішкі істер органдары осы бұйрықтың орындалуын қатаң бақылауға алады. Заң бәрімізге ортақ. Бұл бұйрық заң және қағидаттар аясында қабылданды. Қоғам тарапынан да осындай артық даңғазаға жол бермеу туралы сұраныс бар, – деді министр.

Оның сөзінше, бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Сонымен қатар брифингте ұстаздардың мәртебесін көтеру мәселесі де қозғалды. Министр Қарасай ауданында мұғалімге қатысты болған оқиғаға пікір білдірді.

– Ұстаздардың мәртебесі заңмен белгіленген. Аталған резонансты оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жан-жақты тексеру жүргізіліп жаты. Заңға сәйкес кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, Мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салынды.