Министр Оңтүстік Корея компанияларын Ақтау және Құрық порттарын дамытуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Аталған порттар Орта дәлізде маңызды рөл атқарып, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалында елеулі орын алады. Бұл жөнінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша 11-отырысында мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Алдымен, министр энергетика және басқа да секторлардағы өзара серіктестікке тоқталды.

– Энергетикада басым бағыттардың бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Doosan Enerbility компаниясының энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатқанын жоғары бағалаймыз және оны сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастырамыз, – деді ол.

Сонымен бірге, министр Оңтүстік Корея бейбіт атом саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі екенін мәлімдеді. Аталған ел ірі халықаралық жобаларды іске асыруда мол тәжірибеге және үздік технологияларға ие.

Министрдің сөзінше, Қазақстан Корея Республикасымен бейбіт атом секторында қос тарапқа да тиімді бастамаларды қолға алуға дайын.

Одан бөлек, ол көлік-логистика бағытын тілге тиек етті. Министр ҚР Президентінің Транскаспий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге стратегиялық маңызды маршрут ретінде қарайтынын атап өтті. Өйткені, ол Азия мен Еуропа арасындағы көпір рөлін атқарады.

– Осыған байланысты KIND, Korail, Hanwha Ocean компанияларын және Теңіз саласын дамыту бойынша Корея корпорациясын Каспийдің порт инфрақұрылымын, соның ішінде Ақтау мен Құрық порттарын өркендетуге қатысуға шақырамыз, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар, ол сирек минералдар, жасыл энергетика, цифрлық технологиялар, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешеніндегі серіктестік маңызды екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сауда көлемі 3 млрд доллардан асқанын жазғанбыз.