Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер Қазақстандағы суперкомпьютерге жабдықтарды (чиптерді) АҚШ-тан жеткізу процесіне қатысты сұрақ қойды.
- Әлемдегі үлкен суперкомпьютердің бірін құру үшін келіссөз процесінен өттік. Қажет рұқсаттарды алдық. Енді осы жылы компьютерді әкелуге тырысамыз. Атап айтқанда, биылдың бірінші жартысында алып келмекпіз, - деді Ж. Мәдиев.
Бұған дейін Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін жазған едік.
Еске салсақ, былтыр күзде министрлік суперкомпьютер үшін жабдыққа Америка Құрама Штаттарына алдын ала тапсырыс бергенін мәлімдеді.
Дегенмен, Қазақстанға жабдықты жеткізу мерзімі АҚШ үкіметінің Қазақстан Республикасына чиптерді экспорттау туралы қорытындысын шығаруына байланысты. Америкалық тарап экспорт лицензиясын алу процесі ұзаққа созылатынын хабарлады.
Экспорттық лицензия алу процесі АҚШ үкіметтік органдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Суперкомпьютерді құру жұмыстары экспорттық лицензия алынғаннан кейін және қажет жабдық ел аумағына жеткізілген соң аяқталады.