Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депуттар борышкер алимент төлеушілерді іздестірудегі кемшіліктер туралы айтты. Белгілі болғандай, 2018 жылы 1864 алиментшіге іздеуге жарияланып, оның 78-і анықталды.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев борышкерлер ел аумағында іздестірілетінін айтты.
«Мәселе басқада, яғни бұл адам қандай тәртіпте іздестіріліп жатыр? Бұл адам азаматтық-құқықтық қатынастар ісі бойынша жауапты болғандықтан, іздестіру тетігі мүлдем басқа. Өйткені қылмыскерді іздеу кезінде өзгеше тәртіп ескерілген. Біз борышкер алимент төлеушіні қамауға алмаймыз, тек сот орындаушысына баруды міндеттейміз», - деді М. Қожаев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде алиментшіге міндетін орындауға итермелейтін ешқандай шаралар қарастырылмаған. Осыған байланысты министрлік Әкімшілік кодексте осы адамдарға жауапкершілікті енгізіп, оларды ұстау мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.
«Сот шешімін орындамағаны үшін жауапкершілікке тоқталсақ, бес тәулік мерзімге қамауға алуды ескерген жөн. Осы уақыт ішінде сот орындаушысы барлық қажетті шектеу шараларын жүргізе алады», - деді Марат Қожаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі Үкімет сағатында Марат Бекетаев келіп түскен шағымдардың жартысын осы алиментті өндіріп алу категориясы қамтып отырғанын айтты.