«Әрине, мұндай әрекеттер спорттың дамуына кәдімгідей тежеу. Істің мән-жайы құзырлы органдардың тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады. Әділет болмаған жерде спорт дамымайды. Бюджет қаражатын жеке мүддеге пайдаланғандар мемлекетке қарсы адамдар деп есептейміз. Министрлік тарапынан мұндай әрекеттермен күресеміз. Ондай оқиғаларды болдырмауға тырысамыз», - деді Ербол Мырзабосынов елордада өткен Qazaq kuresi қауымдастығының жиынынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Еске салайық, кеше Қаржы мониторингі агенттігі Астанада олимпиадалық спорт түрлерін дамыту дирекция басшысының қамауға алынғанын хабарлаған еді.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ақша жымқыру 2020-2023 жылдар аралығында шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығу мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.
Бұған дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы боксшы Бейбіт Шүменовтің кісі ұру әрекетіне қатысты пікір білдірген.