Министрлік Бейбіт Шүменовтің әрекетіне пікір білдірді
«Бізде спорт әдебі бар, ол бекітілген. Бұл бағытта спортшылармен, бапкерлер мен жаттықтырушылармен және жалпы ұлттық құрама мүшелерімен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Идеологиялық жұмыстар атқарылып жатыр. Бейбіт Шүменов туралы оқиғаны естіп, көріп жатырмыз. Әрине, теріс әрекет, оның үстіне қоғамдық орында болып отыр. Мұндай әрекеттерді ешқалай да қолдамаймыз», - деді Ербол Мырзабосынов елордада өткен Qazaq kuresi қауымдастығының жиынынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, жалпы қазақстандық спортшылардан алатын үлгі көп.
Бұған дейін қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген Бейбіт Шүменовтің қатаң жазаға тартылатыны туралы хабарлаған едік.
«Қызметтік тексеру жүріп жатыр. Ол қатаң жазаға тартылады. Күні кеше министр мәселені көтерді, ол жазаланады», - деген еді Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.