Қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген Бейбіт Шүменов қатаң жазаға тартылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев бокстан бұрынғы әлем чемпионы Бейбіт Шүменовтің сауда орталықтарының бірінде қолында баласы бар ер адаммен төбелескенін растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, растаймыз. Қазір айналысып жатырмыз. Бұзақылық бойынша іс қозғалды», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, аталған факті бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Заң бұзушылық аса ауыр емес деп бағаланып отыр. Сонымен қатар тергеу барысы Бейбіт Шүменовтің бұрынғы кәсіби спортшы екендігі жағдайды ауырлататын мән-жай болуы мүмкін бе екендігін айқындайтын болады.

«Қызметтік тексеру жүруде. Ол қатаң жазаға тартылады. Күні кеше министр мәселені көтерді, ол жазаланады», - деді Қайрат Сүнтаев.

Министр орынбасарының айтуынша, төбелес барысында бала зардап шекпеген. Дегенмен, зардап шеккен азамат бұрынғы әлем чемпионын қылмыстық жазаға тартуын талап етіп отыр.

Бұған дейін әлеуметтік желіде және бірқатар БАҚ-та Астанадағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі фут-кортта жанжал болғанын жазған еді. Кейінірек қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген азаматтың кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов екені анықталған болатын.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum