Министрлік республикалық физика-математика мектептері филиалдарына грант бөлу конкурсын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі Республикалық физика-математика мектептері филиалдарына білім беру гранттарын бөлу конкурсына қатысты төмендегіні хабарлайды.

Фото: Астана әкімдігі

Республикалық физика-математика мектептері филиалдарына қабылдау мектеп Жарғысына сәйкес ашық конкурс негізінде жүргізіледі.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен заңды өкілдері баланың тілегі, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымын және оқу тілін таңдау құқығына ие. Осыған байланысты конкурсқа тіркелу кезінде үміткерлер оқу тілін өздері анықтайды.

Білім беру гранттарының саны мен конкурс орындары мектеп филиалдарының сыныптарды жинақтау мүмкіндіктеріне қарай белгіленеді.

Конкурстық іріктеудің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қатысушыларға бірдей талаптар қойылады. Емтихан тапсырмалары тақырыптық бағыт, құрылым және күрделілік деңгейі бойынша бірдей болып, академиялық адалдық қағидаларын сақтау мақсатында бірнеше нұсқада ұсынылады.

Шекті өту балы алдын ала бекітілмейді және конкурс жарияланған кезде анықталмайды. Бұл көрсеткіш қабылдау емтихандары аяқталған соң қатысушылардың нәтижелері мен жалпы конкурстық жағдайға байланысты белгіленеді. Мұндай тәсіл барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндік қағидатын сақтауға бағытталған.

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігіне қатысты түскен өтініштер мен ұсыныстарды талдауда.

Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады, сонымен қатар қосымша зерделеу мен сараптамалық талдау жүргізіледі.

Талдау нәтижелері мен қабылданған шешімдер туралы ресми ақпарат кейінірек жарияланады. Бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында тұр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқытуға арнайы гранттар бөлуге дайын екенін жазған едік.