Министрлік Жамбыл облысындағы перинаталдық орталықты жаңғырту қажеттігін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандары Жамбыл облысына акушерлік, гинекология және клиникалық эпидемиология қызметтеріне әдістемелік әрі практикалық көмек көрсету мақсатында жұмыс сапарымен барды.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Сарапшылар тобының құрамына UMC Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының, Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларындағы жетекші босандыру ұйымдарының акушер-гинекологтары, анестезиолог-реаниматологтары мен эпидемиологтары кірді.

- Үш күндік жұмыс барысында мамандар 14 медициналық ұйымға барды. Оның ішінде облыс орталығындағы төрт стационар, бес қалалық емхана, Шу, Талас, Сарысу, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы бес орталық аудандық аурухана, сондай-ақ Тараз қаласындағы медициналық колледж қамтылды.

Сапар барысында жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар өткізілді, - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында.

Мамандар клиникалық тексерулер жүргізіп, пациенттерге консультациялық көмек көрсетті, дәрігерлерге практикалық қолдау білдірді. Сонымен қатар күрделі клиникалық жағдайларды талдап, жұмыс орындарында шеберлік сағаттарын өткізіп, өңірлік мамандармен тәжірибе алмасты.

Акушерлік және клиникалық эпидемиология саласындағы заманауи тәсілдерге арналған оқыту семинарларына Жамбыл облысының 140-тан астам медицина қызметкері қатысты.

Жұмыс қорытындысы бойынша өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек облыстық перинаталдық орталықты жаңғырту және кадрлық әлеуетті күшейту қажеттігін атап өтті.

Сапар аясында ауыр жағдайдағы пациенттерге практикалық көмек көрсетуге де ерекше көңіл бөлінді. Елдің жетекші реаниматологтары өңірлік мамандармен бірлесіп науқастарға консультация беріп, әрі қарай емдеу тәсілдерін айқындады.

Сарапшылар жүкті әйелдердегі қауіп факторларын уақытылы анықтау, пациенттерді тиімді бағыттау және ана мен бала денсаулығын сақтау үшін пәнаралық байланысты күшейту бойынша ұсыныстар берді.

Айта кетейік, 2027 жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алу науқаны үш ай ерте басталды.