Миннесотада заңсыз миграцияға қарсы операция кезінде атыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Миннесота штатында федералдық қызметтердің заңсыз миграциямен күрес операциясы барысында атыс болып, қарулы заңсыз мигрант қаза тапты деп хабарлайды Euronews.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің дерегінше, оқиға таңертең Миннеаполис қаласында болған. Шекаралық патруль қызметкерлері зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерді ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізген кезде, ер адам 9 мм калибрлі жартылай автоматты тапаншамен қызметкерлерге жақындап, ұстау әрекетіне белсенді қарсылық көрсеткен. Өміріне қауіп төнгенін сезген бір агент оқ атқан. Зардап шеккен адам медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан сол жерде қайтыс болды.
Министрлік дерегінше, қаза тапқан адамның тапаншасы екі оқ-дәрі салынған магазинмен бірге болған және жеке куәліктері болмаған. Оқиға орнына шамамен 200 адам жиналып, тәртіп сақшыларының жұмысын қиындатқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақылау шаралары қолданылды.
Миннесота губернаторы Тим Уолз федералдық агенттердің әрекеттерін қатты сынға алып, штатта жүргізіліп жатқан иммиграциялық операциялар барысында «тағы бір қайғылы атыс» болғанын мәлімдеді.
Оқиға АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің миграциялық саясатына қарсы Миннеаполисте өткен ауқымды наразылықтар тұсында болды. Күннің суық болуына қарамастан, мыңдаған адам өткен күні иммиграциялық қызмет Эквадордан келген бес жастағы бала мен оның әкесін ұстағаннан кейін көшеге шықты. Жергілікті билік мәліметінше, бала отбасымен тұрған үйінің жанында ұсталған.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс баланың ұсталғанын растады және қызметкерлердің әрекеті оның қауіпсіздігі үшін жасалғанын айтты. Ал БҰҰ Бас адам құқығы комиссары Фолькер Тюрк АҚШ билігін мигранттар мен босқындарға зиян келтіретін тәжірибені тоқтатуға шақырды.
Бұдан бұрын АҚШ Мемлекеттік департаменті 75 елдің азаматтары үшін иммиграциялық визаның тоқтатылуын түсіндірді.