Минскіде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты кеш өтті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Минск қаласында Республика Сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған ресми қабылдау өтті.

Бұл туралы Беларусь Республикасындағы Қазақстан Елшілігі баспасөз қызметінен хабарлады.

Салтанатты кешке Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, Беларусьте тіркелген дипломатиялық корпустың, өнер және ғылым интеллигенциясының, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстан елшісі Ерғали Бөлегенов құттықтау сөзімен сөйлеп, қазақстан-беларустық қатынастардың дамуына ерекше үлес қосқан Беларусьтің көрнекті қоғам-саяси қайраткерлеріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Олардың ішінде - Беларусь Премьер-Министрінің орынбасары М.Русый, Ұлттық Жиналыс Өкілдер Палатасы Төрағасының орынбасары С.Гуминский, Жазушылар одағының төрағасы Н.Чергинец және т.б. болды. Сонымен қатар, қазақстан-беларустық ынтымақтастықты және жалпы Қазақстан туралы жазып жүрген ең үздік БАҚ байқауында жеңіске жеткендер марапатталды.

Премьер-Министрдің орынбасары М.Русый өз сөзінде президенттер Н.Ә.Назарбаев пен А.Г.Лукашенконың саяси еркінің арқасында жаңа сапалы деңгейге шықан Қазақстан пен Беларусь қатынастарының жоғары деңгейін атап өтті. Мемлекеттер машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім және т.б. салаларда бірлескен ірі жобаларды жүзеге асырып отыр. Елдердің Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысуы үлкен перспективаларға жол ашады.

Қабылдау әйгілі қазақ және белорус әндерін орындаған БР Қарулы күштері оркестрінің, Беларустық мемлекеттік мәдениет және өнер университеті шығармашылық ұжымының концертімен сүйемелденді.

Қабылдауға қатысушылар Қазақстан туралы фотокөрмемен танысып, Республиканың жетістіктері туралы фильмді көрді және қазақ ұлттық тағамдарының дәмін татты.