Мысыр Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, елдің сыртқы істер министрі Бадр Абделати Сомалидің сыртқы істер министрі Абдуссалам Абди Алимен телефон арқылы сөйлесті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту, Сомалидегі ішкі жағдай және Африка мүйісі аймағындағы ахуалды талқылады. Бадр Абделати Мысырдың Сомалидің бірлігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қолдауы өзгермейтінін атап өтті.
– Біз Сомалидің аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген бастама мен әрекетті қабылдамаймыз, – деді ол.
Министрдің айтуынша, осы тұрғыдан алғанда, «Сомалиленд» деп аталатын өңірді тәуелсіз мемлекет ретінде тану да Сомалидің бірлігі мен егемендігін бұзу болып саналады.
Өз кезегінде Сомалидің сыртқы істер министрі Абдуссалам Абди Али Каирдің еліне саяси, даму және қауіпсіздік салаларында тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Ол Мысырдың Сомалидің бірлігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына білдіріп отырған қолдауын жоғары бағалайтынын айтты.
Сондай-ақ министр екіжақты және өңірлік мәселелер бойынша Мысырмен үйлестіру мен консультацияларды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Сомалиленд 1991 жылы Сомалиден біржақты түрде тәуелсіздігін жариялағанымен, бүгінге дейін халықаралық қауымдастық оны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындаған жоқ.
Ал Сомали Сомалилендті өз аумағының ажырамас бөлігі деп санайды және бұл өңірге қатысты халықаралық келісімдер жасау құқығы тек Могадишодағы орталық үкіметке тиесілі екенін мәлімдеп келеді.
Еске сала кетсек, былтыр желтоқсанда Израильдің Сомалилендті тәуелсіз мемлекет ретінде тануы не үшін дау тудырғанын жаздық.