Молдованың ЕО-ға кіру туралы келіссөздері 2027 жылға дейін аяқталуы мүмкін

Фото: Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Молдова Президенті Майя Санду елдің Еуропалық Одаққа кіру туралы келіссөздері 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Агенттік TV8-ге сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Молдованың мемлекет басшысы келіссөздер аяқталғаннан кейін 2028 жылы ЕО-ның барлық мүше мемлекеттері келісімді ратификациялау кезеңін бастайтынын атап өтті. Дәл осы кезде Молдованың Еуропа қоғамдастығына толыққанды мүше болатын уақыты нақты шешіледі.

— Менің ойымша, келіссөздерді аяқтаудың нақты мерзімі — 2027 жылдың соңы. Осыдан кейін, 2028 жылы барлық ел біздің келісімімізді қолдау және ратификациялау бойынша өз ұстанымдарын білдіретін кезең басталады, — деді Санду.

Молдова президентінің айтуынша, еуропалық шенеуніктер Кишиневтегі реформалардың қарқынын жоғары бағалайды. Атап айтқанда, кеңейту мәселелері бойынша еурокомиссар Марта Кос жақында Молдоваға сапары кезінде елдің еуроинтеграцияның барлық бағыты бойынша басқа кандидат елдерге қарағанда тезірек ілгерілеп жатқанын айтты.

Санду елдің болашағы алдағы парламенттік сайлау нәтижелеріне тікелей байланысты деп санайды.

— Мәселе «біз парламенттік сайлауда қандай таңдау жасаймыз» деген сауал төңірегінде болып тұр, өйткені бәрі парламенттің және парламенттік көпшіліктің қолдауына байланысты, — деп қосты Молдова көшбасшысы.

Осыдан бұрын молдовалық депутаттар парламент сайлауын қыркүйекке белгілеуі мүмкін екені айтылды.