Моңғолияда депортацияланған шетел азаматтарының саны 28%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM — Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында елден депортацияланған шетелдіктер саны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,84%-ға артқан, деп жазады Монцамэ.

Фото: Монцамэ

Атап айтқанда, 277 шетел азаматы тұруға рұқсат мерзімі аяқталғаннан кейін елден шықпау, уәкілетті органдардың рұқсатынсыз жұмыс істеу, келу мақсатына сәйкес келмейтін қызметпен айналысу, сондай-ақ уақытша визаның мерзімін асыру себептерімен депортацияланған.

Сонымен қатар, келу мақсатын нақты түсіндіре алмаған, сапар мақсатына сәйкес келмейтін визамен келген, елде болу және кері қайту үшін жеткілікті қаржы көздерін растай алмаған тұлғаларға қатысты да шаралар қабылданған. Виза мерзімінің аяқталуына байланысты 16 елдің 235 азаматына елге кіруге тыйым салынды.

2026 жылдың бірінші тоқсанында департамент 58 тексеру жүргізіп, 200 кәсіпорын мен ұйымдағы 1579 шетел азаматын қамтыды.

Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 3002 шетел азаматы, 843 шақырушы ұйым және 12 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға сәйкес айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, 11 кәсіпорын мен ұйымға ресми нұсқамалар жолданды.

Осыдан бұрын Моңғолияда бірінші тоқсанда шетелдік туристер саны 40%-ға артқанын жаздық.