Монополистік қызметті шектеуге бағытталған Президент Жарлығы көпшілік талқыға шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елдегі монополистік қызметті шектеуге бағытталған Президент Жарлығының жобасы әзірленіп, ашық талқыға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын азайту және жеке секторды дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатында қаулы етемін:

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы және келісімі бойынша осындай құқықтарды беру жағдайларын қоспағанда, мемлекеттің тауарды өндіруге немесе сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға айрықша құқығын заңмен бекітуге бастамашылық жасауға, сондай-ақ нарық субъектісіне заңмен арнайы құқық беруге 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілсін», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Президент Жарлығының жобасында.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің түсіндірмесіне сай, аталған бастама тауар нарығының жұмысын жетілдіріп, адал бәсекелестік орнатып, монополистік қызметті шектеу үшін ұсынылып отыр.

Бұл шараны орындау Үкіметке, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ал оның орындалу барысын Президент Әкімшілігі қадағалайды.

Жарлық-жобасы 21 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.