Moody’s Қытайға қатысты теріс болжамды өзгеріссіз қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қытайға қатысты «теріс» болжамды өзгеріссіз қалдырды, дегенмен, тәуелсіз несие рейтингін «А1» деңгейінде растады.
Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Moody’s дүйсенбі күні Қытайдың «А1» тәуелсіз несие рейтингін растады. Агенттіктің айтуынша, 2023 жылы желтоқсан айында Қытайдың рейтинг болжамы «тұрақтыдан» «теріске» төмендетілгеннен бері, болжамға негіз болған факторлар айтарлықтай өзгерген; жергілікті мемлекеттік қарыз бен мемлекеттік кәсіпорындардың қаржылық жағдайы ендігәрі негізгі тәуекелдер саналмайды.
Moody’s Қытай үкіметінің мақсатты саясатының арқасында айтылған тәуекелдердің едәуір азайғанын, ендігәрі «А1» рейтингіне нақты қысым түсірмейтінін атап көрсетті.
Алайда, мамыр айында Қытай мен АҚШ арасында тарифтік келісімге қол қойылғанына қарамастан, Moody’s болашақ сауда шектеулері мен жаһандық сауда ағынындағы белгісіздік тәуекелдері әлі сақталып отырғанын атап өтті.
Қытайдың Қаржы министрлігі дүйсенбі күні Moody’s-тің Қытайдың тәуелсіз несие рейтингін «А1» деңгейінде сақтап қалу туралы шешімі ел экономикасының оң динамикасында деген сенімнің айғағы екенін мәлімдеді.
Министрліктің мәлімдеуінше, өткен жылдың төртінші тоқсанынан бері ел билігі кешенді макроэкономикалық реттеу шараларын қабылдаған. Соның нәтижесінде экономикалық көрсеткіштер жақсарып, нарықтың болжалы мен сенімі нығайып, қарыздың орта және ұзақ мерзімді тұрақтылығы арта түскен. Moody’s-тің шешімі осы оң үдерісті растаудың көрінісі саналады.
Мәлімдемеде сондай-ақ келесі кезеңде енгізілетін бірқатар жаңа саясат пен қолданыстағы шаралардың өзара әрекеттесіп, ел экономикасының жоғары сапалы дамуы үшін берік негіз қалайтыны атап көрсетілді.
Бұған дейін Қытай билігінің ел тарихындағы ең қымбат су арнасын салуға дайындалып жатқанын жазған едік.