Мәрмәр теңізіндегі басты сейсмикалық қауіп Ялова маңына шоғырланған – түркиялық ғалым

Фото: ilkhaber-gazetesi.com

АСТАНА. KAZINFORM – Түркиялық сейсмолог Шенер Ушумезсой Мәрмәр теңізіндегі Ханзада аралдары маңында жойқын жер сілкінісі болады деген кең тараған пікірге күмән келтірді, деп хабарлайды Kazinform.

Ғалымның айтуынша, 1894 және 1999 жылдардағы жойқын жер сілкіністерінен кейін бұл аймақтағы геологиялық кернеу басылған, ал қазіргі негізгі қауіп аймақ  Ялова маңында, атап айтқанда Чынарджык – Эсенкей – Бозбурын сызығында шоғырланып отыр.

«Ханзада аралдарының жанындағы жарылыс аймағы Түркияға тікелей қауіп төндірмейді. 1894 жылғы жер сілкінісі кезінде Стамбұл мен Анадолы плитасының арасындағы энергия босап шыққан, ал оның шығыс жалғасы 1999 жылғы апатты дүмпулерде толықтай разрядталған», — деп түсіндірді профессор TGRT Haber телеарнасына берген сұхбатында.

«Сынық сүйек бітіп үлгермей қайта жарылмайтыны сияқты, бұл аймақ та қайта жарылмайды», — деді содан соң сейсмолог.

Ушумезсойдың бағалауынша, 1999 жылдан кейінгі негізгі сейсмикалық қысым Ялова шығанағының суасты бөлігіне қарай ығысқан.

Маманның бұл пікірі Түркиядағы ғылыми қауымдастық назарын өзгертті: енді геологтер мен төтенше жағдайлар мамандары Стамбул жағалауына емес, Ялова маңындағы Мәрмәр теңізі учаскесіне көбірек мән беріп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, дәл осы жерде алдағы уақытта күшті жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары.

Бұған дейін Балыкесир қаласындағы жер сілкінісі Түркияға сейсмикалық қауіпті қайта еске салған еді.

Ал жуырда Коджаэли провинциясының Гебзе қаласында жеті қабатты тұрғын үйдің опырылып түсуі де елдегі геологиялық тұрақсыздық мәселесін күшейтті.

Айта кетейік, Түркия мен Армения шекарасында жер сілкінісі болды.