Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға жыл сайын 10 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға жыл сайын 10 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.

«Біліктілікті арттыруға жыл сайын 10 млрд. теңге бөлінеді. Барша мұғалімдерге айтарымыз, жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру ұстаздардың жеке қаржысына емес, бюджет есебінен жүргізіледі», - деді Ж. Жонтаева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тек биылдың өзінде 12 жылдық және үш тілде білім беруге дайындық курстарынан 69 мыңнан астам ұстаз өтеді.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева физика, химия, биология және информатика пәндері мұғалімдерінің ағылшын тілінен білім алудың төрт айлық курстары олардың жоспарлы демалыстарына әсер етпейтінін айтты.