Оның айтуынша, жұмыстың негізгі бағыттары 2025 — 2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген. Тұжырымдама әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, инфрақұрылымның қолжетімділігі және басқа да бағыттар бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдарды қамтиды.
— Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесі 2005 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы маусымға дейін Үкіметтің жанында жұмыс істеді. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылу аясында Кеңестің қызметін үйлестіру мәселесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелді. Кеңестің өкілеттік мерзімі — үш жыл. Қазіргі уақытта өкілеттік мерзімінің аяқталуына (осы жылдың 30 қыркүйегінде) байланысты Кеңестің жаңа құрамы қалыптастырылып жатыр. Кеңеске депутаттық корпустың, орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ғылыми-сараптамалық ұйымдардың, әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген тауарлар мен қызметтерді берушілердің, әкімдердің кеңесшілерінің және тағы басқа өкілдер енгізіліп жатыр, — делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Оның сөзіне қарағанда, ведомствоаралық үйлестірудің тиімділігін арттыру мақсатында Үйлестіру кеңесінің жұмыс форматы, кешенді мәселелерді қарау, жауапты орындаушылар, орындау мерзімдері мен іс-шараларды бақылау күшейтілді.
— Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға қатысты ведомствоаралық мәселелер Премьер-министр орынбасарының деңгейінде қарау және үйлестіру жүйелі жолға қойылған. Осылайша, қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың институционалдық тетігі қалыптастырылған, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Еңбек министрлігі мүгедектігі бар жандарға арналған құралдарды жеткізушілерді жіті бақылайтынын жазған едік.