Мүгедектік неге бір жылға, бес жылға немесе мерзімсіз беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мүгедектік неге әртүрлі мерзімге белгіленетіні түсіндірілді.

Фото: Еңбекмині

Азаматтарда неліктен бір адамға мүгедектік бір жылға, екіншісіне бес жылға, ал жекелеген жағдайларда қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленетіні туралы сұрақтар жиі туындайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мүгедектікті белгілеу мерзімі диагноздың өзіне емес, организм функцияларының бұзылуын және мүгедектігі бар адамның қабілеттерін қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің болжамына байланысты айқындалатыны түсіндірілді.

— Егер аурудың, жарақат салдарының немесе денсаулық жағдайының нәтижесінде организм функцияларының бұзылу дәрежесі емдеу және оңалту жүргізу нәтижесінде өзгеруі мүмкін болса, мүгедектік белгілі бір мерзімге белгіленеді. Бұл адамның жағдайын қайта бағалауға және оның функционалдық мүмкіндіктерінде өзгерістердің болған-болмағанын айқындауға мүмкіндік береді. Қайта куәландыру кезінде мамандар денсаулық жағдайының динамикасын, жүргізілген емдеу мен оңалту шараларының нәтижесін, сондай-ақ тіршілік-әрекетінің шектелу дәрежесін ескереді. Осыған байланысты мүгедектік мерзімі қайта белгіленуі мүмкін, — деп түсіндірді мамандар.

Мерзімсіз мүгедектік заңнамада көзделген жағдайларда, организм функцияларының бұзылуы тұрақты, қайтымсыз және толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда, сондай-ақ оңалту әлеуеті болмаған кезде белгіленеді.

Осылайша, бірдей диагноздың болуы мүгедектіктің мерзімі де бірдей болады дегенді білдірмейді. Әрбір жағдай жеке қаралады. Шешім денсаулық жағдайын, организм функцияларының бұзылу дәрежесін және олардың қалпына келу мүмкіндігін кешенді бағалау негізінде қабылданады.

Осыған дейін ел бойынша 1 333 сайлау учаскесі мүгедектігі бар адамдарға толық бейімделмегенін жазған едік.