Ержан Әмірханов бейнеүндеуді Instagram желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
«Маған Семейдегі апатты жағдайдағы үйде тұрып жатқан азаматтар хабарласты. Осында барлығы 52 адам тұрады Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 9 адам бар. Бұл үйде тұру расымен де қауіпті. Тұрғын үй инспекциясы оларға жаңа үйді кезектері келгенде алатындықтарын хабарлаған. Бірақ екі жарым жылдың ішінде бұл кезек мүлде жылжымаған», – дейді ол.
Бапкер өз сөзінде қайғылы жағдай болмай тұрып, азаматтарды үймен қамтамасыз ету керектігін жеткізді.
«Бұл үйге қараудың өзі қорқынышты. Не айтарымды да білмеймін. Мұнда ешқандай жағдай жасалмаған. Көмектесуіңізді сұраймын. Тым болмағанда жалдамалы пәтер берілсе», – дейді Ержан Әмірханов.
Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Кazinform тілшісіне аталған жағдайға қатысты жуық уақытта ақпарат ұсынуға уәде етті.
Айта кетейік, Ержан Әмірханов 2018 жылы 48 адамды ажалдан құтқарып қалған бейбіт күннің батыры. Былтыр «Республика қаһармандары» атты арнайы жобамызда спортшы туралы жазған болатынбыз.