Президент бұл жөнінде үнемі айтып келе жатқанын еске салды.
— Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.
Мемлекет басшысының айтуынша, өскелең ұрпақ өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс.
— Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс — жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс, — деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.
Президент мұғалімдерді қағазбастылықтан, аттестациядан және пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды.
Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.