Нью-Йоркте өткен Bernstein конференциясында сөйлеген сөзінде Чепмен стратегиялық мұнай қорларының таусылуына байланысты алдағы апталарда шикі мұнай бағасы барреліне 160 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтты.
— Шикі мұнайдың және бензин, дизель отыны, авиациялық керосин секілді басқа да сұйық отын түрлерінің коммерциялық қорлары азайып кетті. Бұл жағдайдың салдары стратегиялық мұнай қорларын босату арқылы жұмсартылды. Мұндай қадамды Батыс елдерінің көпшілігі жасады. Осы факторлардың барлығы нарыққа тиген соққыны жеңілдетті, — деп түсіндірді Нил Чепмен.
Оның айтуынша, соңғы алты апта бойы мұнай бағасының барреліне 90–110 доллар аралығында сақталуы ұзаққа созылмайды. Екі-үш апта ішінде баға күрт өсіп, әлемдік нарықта шикі мұнай құны 150–160 долларға дейін жетуі мүмкін.
S& P Global деректеріне сәйкес, мұнай бағасы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғанға дейінгі деңгейден әлі де айтарлықтай жоғары. Ақпан айының соңында мұнайдың бір баррелі шамамен 75 доллар тұрған болатын.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейген сайын мұнай да қымбаттап бара жатқанын жаздық.