Мұнай-газ нысандарында апатты алдын ала анықтауға жасанды интеллект қолданылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мұнай-газ нысандарындағы қауіпті жағдайларды алдын ала анықтауда жасанды интеллект көмекші құрал ретінде қолданылуы мүмкін.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мұнай-газ және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Ахан Телманов айтты.

Оның айтуынша, мұнай-газ саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтудің перспективалы бағыттарының бірі — жабдықтардың жағдайын үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды енгізу.

— Оған қысым, температура және коррозияны онлайн режимінде бақылау, ағып кетулерді анықтау жүйелері, деректерді талдау және жабдықтағы ақауларды алдын ала анықтау жатады. Бұл ретте жасанды интеллект көмекші құрал ретінде қарастырылады. Ол мамандарға қауіпті жағдайларды алдын ала анықтап, ақаудың орын алуына жол бермеуге көмектеседі, — деді Ахан Телманов.

Ведомство өкілі мұндай технологияларды олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі техникалық тұрғыдан дәлелденген жағдайда ғана енгізу қажет екенін еске салды.

Сондай-ақ басқарма басшысы мұнай-газ саласындағы басым бағыттардың қатарында жабдықтарды уақтылы жаңарту, өндірістік бақылаудың нақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және апаттардың бірдей себептерінің қайталануына жол бермеу керегін де тілге тиек етті.

— Басты міндет апат болғаннан кейін оның себебін анықтау емес, қауіп-қатерді алдын ала анықтап, апатқа жеткізбей жою, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін мұнай-газ нысандарындағы апаттарға не себеп болатыны хабарланды.