Оның сөзіне жүгінсек, сатып алу қағидалары бекітілген. Ережеге сай, егер Қазақстанда тауарды өндіретін жалғыз өндіруші болған жағдайда одан тікелей сатып алуға болады.
– Ал отандық өндірушілердің саны екі және одан көп болса, конкурс өткізуді көздейтін талаптар белгіленген. Тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін арттыру бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде мұнай-газ жобаларында жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда сатып алынатын тауарлардағы жергілікті қамтудың ең төменгі үлесі бойынша міндеттемелердің міндетті түрде болуын белгілейтін Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға кем дегенде тауарларда 30%, жұмыстар мен қызметтерде 80% көлемінде елішілік құндылық бойынша ең төменгі көрсеткіштерді енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп баяндады Энергетика министрі.
Әсіресе, қазақстандық компаниялардың «Теңізшевройл» (ТШО), «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (ҚПО) және Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC сатып алу үдерістеріне қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылып отыр.
Мәселен, Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, 2026 жылғы қазан айында өткен салалық форум мен Ашық есік күндерінің қорытындысы бойынша отандық өндірушілермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде 10 меморандумға және 27 келісімшартқа қол қойылды. Ал 2025 жылы аталған үш ірі мұнай-газ операторының тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 2,8 трлн теңге болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға артық.
– Отандық өнімге сұранысты арттырудың тағы бір тиімді тетігі – ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар. 2026 жылдың басынан бері жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық өндірушілермен жалпы құны 79,7 млрд теңге болатын 75 ұзақмерзімді келісімшарт жасасты. Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 668,9 млн теңгеге 42 офтейк-келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімдер отандық кәсіпорындарға өз өнімін өткізуге кепілдендірілген сұранысты алуға және өндірістік қуаттарды кеңейтуге жол ашады, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан $1,2 млрд-тың энергетикалық жобалары бойынша келісімдерге қол қойғанын жазғанбыз.