«Мұнай Сервис Ақтөбе» ЖШС жұмыскерлеріне 17,3 млн теңге жалақысын бермей келеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында еңбек қатынастары саласындағы жағдай тұрақты. Алайда мұнай шығару кәсіпорындарында, теміржол саласы және шағын бизнесте аздаған шиеленіс ошақтары бар. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен баспасөз конференциясының барысында «Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-нің басшысы Мирболат Райымқұлов хабарлады.

«2015 жылы бізге 2420 шағым келіп түсті, ал 2016 жылдың 1-ші тоқсанында 595 шағым келді. Бұл салыстырмалы көрсеткіш, бірақ жалпы алғанда келіп түскен шағымдардың саны көп», - деп атап өтті М.Райымқұлов.

Шағымдарда келтірілген кемшіліктердің дені жалақының кешіктірілуімен байланысты.

Бүгінде өткізіліп отырған жұмыстың арқасында 235,6 млн теңгенің жалақы берешегі өтелді.

«Мұнай Сервис Ақтөбе» ЖШС-ы өз жұмыскерлеріне 17,3 млн теңге жалақысын бермей келеді. Кәсіпорын басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды, сот орындаушылары тыйым салынған мүліктерді сату шараларын өткізіп жатыр.