Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілі Азамат Жолмановқа: «Қандай да бір қызметке ауысса, өзінің экс-командасын алып баратындар бар. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өзінің бұрынғы орынбасарын вице-министр етіп алды. Заңнамада командасымен көшіп баратындарға шектеу қоятын норма бар ма?» - деп сауал қойды.
Бұған қатысты жауап берген агенттік төрағасының орынбасары мұндай шектеудің жоқ екенін мәлімдеді.
«Заңнамада мұндай шектеу жоқ. Тіпті, халықаралық тәжірибеде де «командасымен көшіп бару» сияқты түсінік жоқ. Өз кезегінде, заңға енгізілетін әрбір мәселе алдын ала зерделеуді талап етеді», - деп жауап қатты Азамат Жолманов ОҚК-де өткен брифингіде.
Еске салайық, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі болған кездегі орынбасары Ерболат Ыбрайхановты министрлікке неге алып келгенін түсіндірген болатын.
Қоса кетейік, биыл мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтірген 92 маман жауапқа тартылды. Ал жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша әдеп кеңестерінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты 300-ден астам тәртіптік іс қаралған.