Заңгер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасын қолдайтынын білдірді.
Оның пікірінше, азаматтық заңнаманы жаңарту мұрагерлік құқықтық қатынастар саласын да қамтуы керек. Бұл ретте мұра қалдырушының еркі мен мұрагерлердің заңды мүдделері арасындағы әділ теңгерімді қамтамасыз ету маңызды.
Ермек Абдрасулов мұрагерлік құқықтың негізгі қағидаттарының бірі өсиет қалдыру бостандығы екенін атап өтті. Яғни меншік иесі өзіне тиесілі мүліктің қайтыс болғаннан кейінгі тағдырын дербес айқындауға құқылы. Алайда бұл құқықты жүзеге асыру кезінде мұрагерлердің жекелеген санаттарын қорғаудың заңнамалық кепілдіктері, соның ішінде мұрадағы міндетті үлеске құқық ескерілуге тиіс.
— Мұра қалдырушының жеке мүлкі мен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін ажырату мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұраның құрамын айқындау кезінде осы талаптың сақталмауы тірі қалған жұбайдың және өзге де мұрагерлердің мүліктік құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін, — деді заңгер.
Оның айтуынша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде бірқатар мәселені нақты әрі жүйелі реттеу қажет. Атап айтқанда, мұраның құрамын айқындау, мұрадағы міндетті үлеске құқықты іске асыру, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын қорғау, мұраны іс жүзінде қабылдау және мұрагерлік даулар кезінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру ұсынылып отыр.
— Бұл саладағы заңнаманың міндеті — меншік иесінің өз мүлкіне билік ету еркіндігін шектеу емес, оның шынайы еркін ескере отырып, өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетіктерді қалыптастыру. Мұрагерлік құқықты жетілдіру — азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғаудың, отбасылық даулардың алдын алудың және құқықтық айқындықты қамтамасыз етудің маңызды шарты, — деп түйіндеді Ермек Абдрасулов.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Ақтөре Оразаева жаңа Азаматтық кодексте мұрагерлікке қатысты даулы мәселелерді нақты реттеу қажеттігін айтқан еді. Оның пікірінше, мұраны қабылдау кезінде марқұмның қарызы мен мұрагерлердің жауапкершілігі де ескерілуі тиіс.