Марқұмның несиесі мен қарызын кім төлейді — заңгер жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Құжатты жаңарту кезінде азаматтардың мүліктік құқықтары мен мұрагерлікке қатысты мәселелерді де нақтылау маңызды. Соның ішінде марқұмның қарызы және оны өтеу үшін мұрагерлердің жауапкершілігі мәселесі өзекті болып отыр.

Марқұмның несие мен қарызын кім төлейді — заңгер жауап берді
Фото: Kazinform/ЖИ

Заңгер Ақтөре Оразаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Азаматтық кодекс халыққа түсінікті, қарапайым тілде жазылып, мұрагерлікке қатысты даулы мәселелер нақты реттелуі керек.

— Мысалы, қайтыс болған адамның мүлкі 20 миллион теңгеге бағаланса, ал банк алдындағы қарызы 30 миллион теңге болса, қалған 10 миллион теңгені кім өтейді деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе Азаматтық кодексте де, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында да нақты реттелмеген. Кейбір екінші деңгейлі банктер мұндай қарызды есептен шығарады, бірақ бәрі бірдей емес, — дейді заңгер.

Осыған байланысты ол қайтыс болған азаматтардың қарызын есептен шығару немесе қалған берешекті реттеудің нақты тетігін заңдастыру қажет деп санайды. Заңгердің пікірінше, бұл мәселе халық үшін маңызды, өйткені қазір көптеген азаматтың несиесі бар.

— Елімізде мемлекеттік награда алған азаматтар қайтыс болған жағдайда олардың қарыздары банк немесе мемлекет тарапынан есептен шығарылып жатады. Неге осындай норманы басқа да қайтыс болған азаматтарға қатысты қарастырмасқа? Меніңше, олардың қалған қарызын есептен шығару тәртібін заңмен бекіту қажет. Банк немесе мемлекет қалған берешекті есептен шығаруға мүмкіндік берсе, дұрыс болар еді, — дейді Ақтөре Оразаева.

Мұрагер мүлікті ғана таңдап ала алмайды

Қолданыстағы тәртіп бойынша мұра өсиет арқылы немесе заң бойынша беріледі. Заңгердің айтуынша, мұраны қабылдаған адамға мүлікпен бірге марқұмның қарызына қатысты міндеттемелер де жүктеледі. Сондықтан мұрагер мүліктің өзіне тиімді бөлігін ғана таңдап, қалғанынан бас тарта алмайды.

— Егер мұрагер мұраны қабылдаса, ол мұра құрамындағы мүлік пен қарыздарға да қатысты міндеттемелерді қабылдайды. Бірақ жауапкершілік мұраға қалған мүліктің құнымен шектеледі. Мысалы, мүлік 20 миллион теңгеге бағаланып, банк алдындағы қарыз 50 миллион теңге болса, мұрагерлер тек мүліктің құны шегінде жауап береді. Қалған қарыз үшін олар жауап бермейді, — деп түсіндірді заңгер.

Ал мұраны қабылдаудан бас тартқан адамдар марқұмның қарызы үшін мұрагер ретінде жауап бермейді. Осы ретте мұраны қабылдау туралы шешім шығарғанда мүліктің құны мен берешек мөлшерін ескерген жөн.

Мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алса не болады? 

Заңгер тәжірибесінде мұрагерлікке қатысты даулы жағдайлар да кездескен. Соның бірі, мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу. Оның айтуынша, мұрагерлер белгіленген алты ай ішінде нотариусқа жүгініп, тиісті құжаттарды рәсімдеуі керек. Ал уақытын өткізіп алса, мәселені сот арқылы шешуге тура келуі мүмкін.

— Біз қазір осындай іспен айналысып жатырмыз. Марқұмның әкесі қайтыс болғаннан кейін мұрагерлер мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алған. Олар нотариустан тиісті құжаттарды алмағандықтан, сотқа жүгіндік. Сенім білдірушімнің жеті ағайынды екенін ескеріп, сот іске барлық мұрагерді, нотариусты және мүлік орналасқан жердегі әкімдікті қосуды міндеттеді. Іс әлі аяқталған жоқ, — деді Ақтөре Оразаева.

Ипотекадағы үй кімге қалады?

Марқұмның атында тек ипотекаға алынған үй болса, мұрагерлер мұраны қабылдамаған жағдайда мәселе заңнамаға сәйкес шешіледі.

— Егер марқұмның атында тек ипотекаға алынған үй болса және мұрагерлердің ешқайсысы мұраны қабылдамаса, бұл мәселені мемлекет реттейді. Тағы да ескерте кетейін, банк марқұмның қарызын оның балаларына автоматты түрде жүктей алмайды. Мұрагерлер мұраны қабылдамаса, қарыз үшін жауап бермейді. Сондықтан мүліктің құны қарыздан жоғары болса, мұраны қабылдауға болады. Ал қарыз мүліктің құнынан әлдеқайда көп болса, мұраны қабылдаудан бас тартуға да құқылы. Бұл заңнамада қарастырылған, — деді ол.

Айта кетейік, жақында әскерге кеткен сарбаз несиесінің пайызы қалай есептелетіні жайлы жазған едік.