Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2026 жылғы 5 маусымдағы бұйрығымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы болып Мұханов Мұрат Сейтмолдаұлы тағайындалды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ бапасөз қызметі.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бұған дейін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарған.

Мұрат Сейтмолдаұлы 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген.

2006 жылы Қазақстан Республикасы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын, ал 2020 жылы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетін тәмамдаған.

Азаматтық қорғау органдарында 2002 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

Қызмет жолын Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты ретінде бастап, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығына дейінгі барлық қызметтік сатылардан өткен.

Еңбек жолын Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының нормативтік-техникалық бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.

2006-2010 жылдары мемлекеттік өрт бақылау бағыты бойынша әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

2010 жылы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

2016 жылы өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы болды.

2017 жылдан бастап департамент бастығының орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылдан бері Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып жұмыс істеді.

Мұрат Сейтмолдаұлы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасына жаңа басшы тағайындалды.