Бұған дейін Астана тұрғыны LRT станцияларының біріне «Ұлттық музей» деген атау берілгеніне назар аударған еді. Ол «музей» сөзінің орнына «мұражай» нұсқасы қолданылуы керек деп есептеген.
Ал CTS-тің түсіндіруінше, қолданыстағы ресми атауға сәйкес, нормативтік нұсқа – «Ұлттық музей».
– Қазақстан Республикасында қалыптасқан ресми қолданыс пен мемлекеттік мекемелердің бекітілген атауларына сәйкес, «Ұлттық мұражай» емес, «Ұлттық музей» нұсқасы нормативтік талаптарға сай келеді. Атап айтқанда, мекеменің ресми атауы – «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, – деп хабарлады компания.
Бұдан бөлек, CTS компаниясы Termincom.kz сайтындағы деректерге сілтеме жасаған. Онда 2014 жылы бірқатар терминнің халықаралық стандарттарға сәйкес өзгертілгені көрсетілген. Сол терминдердің қатарында «мұражай – музей» сөздері де бар.
Осы арада әлеуметтік желі қолданушылары қазақ тіліндегі «соңғы станса» («конечная станция») деген белгіге де мән берген. Атап айтқанда, «станса» сөзінің орнына «бекет» атауын қолданған дұрыс деген пікірлер айтылды.
Бұған дейін CTS баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне «станса» атауы Астана әкімдігінің қаулысы мен 2025 жылғы 10 қыркүйектегі Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде бекітілгенін хабарлаған. Компания LRT станцияларының атауы мен ақпараттық жазбалары тиісті ресми құжаттарға сай жазылғанын түсіндірді.
Кезекті жауабында да CTS «станса» терминінің не себепті қолданылып отырғанын түсіндірді.
– «Станса» терминіне келсек, қазақ тілінде теміржол нысандарына қатысты осы сөз қолданылады. ҚР «Теміржол көлігі туралы» заңында, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымына қатысты нормативтік құқықтық актілерде «станса/станция» көлік жүйесіндегі нысанды білдіреді, – деп түсіндірді компания.
Қазақ тілінің сөздіктерінде де «станса» сөзі «станция» сөзінің баламасы ретінде көрсетілген. Ол жолаушылардың көлікке мініп-түсуіне арналған аялдау орнын білдіреді.
Сонымен бірге, компания «станса» терминін Республикалық терминология комиссиясы бекіткенін және оның ресми терминологияда қолданылатынын атап өтті.
Бұған дейін филолог Назгүл Қожабек осы мәселеге қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, мәселе сөзді дұрыс жазуда емес, қазақ тілінде бұрыннан бар сөзді қолдануда.
– Мәселе Ономастика комиссиясы бекітетін емледе немесе айтылымда емес. Қазақ тілінде бұл ұғымды білдіретін төл сөз бар. Ол – «бекет». Қазақ тілінде «бекет» деп көлік тоқтап, жолаушылар мінетін және түсетін орынды айтады. Қажет болса, көлік осы жерде жанармай құйып, жолын жалғастырады. Яғни қазақ тілінде мұндай орын бұрыннан «бекет» деп аталып келген, – деп түсіндірген еді ол.
Мысал ретінде сарапшы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасын келтірді. Алматы метросында да дәл осы атау қолданылады.
Өз кезегінде CTS Tarlan Astana нысандарына атау беру белгіленген тәртіппен келісілетінін атап өтті. Атауларды Ономастика комиссиясы және тілдерді дамыту саласына жауапты уәкілетті орган қарайды.
Айта кетейік, Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылған сәттен бері оның қызметін 8 млн-нан астам жолаушы пайдаланған.