Мұзтау шыңы – еліміздің киелі жерлерінің бірі. Ол аспанмен астасқан өр Алтайдың ең биік нүктесі. Биіктігі – 4506 метр.
Соның етегіндегі Кіндіктастың қасиетін сезіну үшін осында Қазақстанның әр өңірінен бөлек, шетелдік меймандар да аз келмейді.
Ұлттық оюмен безендірілген тақтада мынадай мәтін жазылып тұр: «Кіндік тас Мұзтау тауының етегінде орналасқан. Бұл тас ерекше энергетикалық қуатқа ие және одан мистикалық күш тарайды. Бұл жер – жердің түбінен тарайтын күштің шығатын орны. Көрген адамдар бұршақты дауыл болғанда, атмосфералық электр тогы айналаны қанықтырған кезде кіндік тастың үстінде күлгін түсті жарқыл пайда болады дейді».
Осы мәтін үш тілде жазылыпты, атап айтқанда қазақ, орыс, ағылшын.
Кей адамдар бұл тасты Мұзтауға тағзым ететін, тілек тілейтін киелі орын деп санайды. Тастың маңына жеке зат қалдыру сияқты дәстүр де қалыптасқан деседі.
Алайда біз барғанда ешқандай затты байқамадық. Жұрт сол жерде арман-тілектерін айтып, рухани күш аламыз деп сенеді.
Кіндіктастың маңында жатқан түсі соған ұқсас, бірақ пішіні кіші басқа да тастарды байқадық.
Сондай тастардың бірінде қытай тіліне ұқсайтын қаріппен жазу жазылыпты.
Бұл жердің табиғатының сұлулығын ешқандай фотоаппарат дәлме-дәл жеткізе алмасы анық.
Тау бөктерінде сары мен жасыл аралас қалың ағаш. Зеңгір таулардың ортасын қақ бөліп, Ақберел өзені ағып жатыр.
Қазақ үшін тау қашанда биіктіктің, беріктіктің, еркіндіктің символы болған. Осы тұрғыдан алғанда Мұзтау - адам мен табиғат арасындағы байланыстың да бейнесі іспетті.
Мұзтау шыңының Қазақстан мен Ресей шекарасында орналасуы оның табиғи әрі географиялық маңызын одан сайын арттыра түседі. Соған орай мұнда шекара бекетінің модулі орнатылыпты. Ол тек жаз кезінде жұмыс істейді. Сол үшін ішке кіріп көре алмадық.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, модульде төрт шекарашы кезекшілік атқарады. Онда шекарашыларға қажетті бірнеше бөлме қарастырылған. Модуль қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Көбіне басын бұлт шалып тұратын Мұзтау шыңы бүгін ашық, ап-анық көрінді. Кей адамдар осы сапарға ұзақ дайындалып әйтеуір дегенде жеткенде Мұзтауды көре алмай арманда кетіп жатады. Ал біздің жолымыз болған екен.
Алтай тауының ең биік шыңын экраннан емес, өз көзіңізбен көргіңіз келсе міндетті түрде барыңыз, қадірлі оқырман. Сол кезде сіздің де жолыңыз болып, Мұзтау шыңы ашық болғай!
Еске салсақ, бұған дейін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзаққа екі бүркіт түскені хабарланған.